Кең болсын қазағымның керегесі,
Кетпесін Алла берген берекесі,
Алаштың баласына нәсіп болған,
Құтты болсын Наурыз мерекесі!
Шуақты көктемнің шырайлы мерекесі – әз Наурыз табалдырықтан аттап, төрге озды. Көгілдір көктемнің ұлық мерекесі – Кеңащы жерінде биыл да ерекше тойланды.
Ұлтымыз Ұлыстың Ұлы күні деп ұлықтайтын Наурыз мерекесі жазиралы Кеңащы жерінде үлкен дәрежеде атап өтілді. Бұл күні Кеңащы негізгі мектебінде өнерпаздарға арналған әсем сахна құрылып, қанатты сөздермен көркемделіп жазылған плакаттар ілініп, мерекеге сай безендірілді.
Мереке күні Кеңащы ауылының аспаны жадырап тұрды. Шалқыған ән, қайнаған қазан, ақ дастархандағы ұлттық тағамның түр – түрі барлығы да, жаңғыру мерекесінің сәнін аша түсті. Айнала құлпырып, жайнап кетті.
Той бастар алар тұста Кеңащы ауыл округінің әкімі Аманжол Білялұлы Муратов мерекелік жиынды құттықтау сөзімен ашып, ауыл тұрғындарына құт – береке, молшылық, тыныштық пен ынтымақ, әр отбасына толайым табыстар мен бақыт тіледі.
Ұлыстың Ұлы күніне Кеңащы негізгі мектебі дайындаған « Наурыз мейрамы құтты болсын!» аталған концерттік қойылым халықтың жанына жақын жол тапқаны байқалды. Қазақи салт-дәстүр, ғұрып көрсету өте тамаша болып сахнада көрінді. Ұлттық киім киген жас жігіттер мен қыз – келіншектердің, жезтаңдай әнші әжелердің , мың бұрылған бишілер өнері Наурызды одан әрі айшықтай түсіп, халықтың көңілін көркейтіп тастады. Наурызды тойлау дәстүрінен хабар беретін театрландырылған көріністер мен қатар бұл алаңда Наурызға байланысты көрмелер де орын алды.Шабытты әрі көтереңкі ән, тамаша әрі әсем билер ешкімді бейжай қалдырмады.
Айтып кету керек, мектеп дайындаған барлық дәмдер, соның ішінде – наурыз көже тағамы бәріне де асқан шеберлікпен жасалған. Сол наурыз көже мектептің кіре берісінде барлық ауыл жұртшылығына таратылды. Сондай – ақ , Ұлыстың Ұлы күнінде қарияларға 3 үстел қайырымдылық ас берілді.
Сауда – саттық та алаңнан орын алып, ойыншықтар мен тәтті сулар, кондитерлік тауарлар да сатылды.
Салтанатты іс – шара одан әрі ұлттық ойындарға ұласты. Бабын байқап, бағын сынаймындеушілер қазақ күресі, қол күресі мен гір көтеру және арқан тарту өз ара додаға түсті.
Наурыз мейрамын тамашалап, ұйымдастырушыларға алғыс айтқан азаматтар да аз болған жоқ.
Ешқайсымызда бүгіннен басталар еш өкпе, реніште болмасын. Наурыз құтты болып, деңдеріңіз сау, мықты болсын. Аман – сау болыңыздар деп, келесі жаңа жылда бүтін кездесейік деген тілек айтқымыз келеді.
Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын,
Нұрдың молығатын, тіршіліктің жанаратын,
Өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін,
Көңілдің кеңитін кезеңі – Наурыз мейрамы құтты болсын!